Smaller Default Larger

Байырғы түрік бітіг жазуы – ұлт идеясының Мәңгілік өзегі

 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен 2014 жылдың 28 мамырында Түркістан қаласында «Байырғы түрік бітіг жазуы – ұлт идеясының Мәңгілік өзегі» дөңгелек үстел ұйымдастырылып өтті.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Б.Ш.Садықов, еліміздің әр өңірінен түркі жазбасын зерттеуші түрколог ғалымдар, өңірлік тілдерді дамыту басқармалары өкілдері мен Түркістан қаласының әкімі Б.А.Әшірбеков, университет президенті У.С.Әбдібеков, вице-президенттер М.Йылдыз, Т.П.Раимбердиев, Б.Қ.Мұхамеджанов тағы басқа да зиялы қауым өкілдері мен жас зерттеуші ғалымдар келіп қатысты.

Дөңгелек үстелде ғалымдармен бірлесіп түркі жазбаларын зерттеу бағыттарындағы күрделі мәселелерді бірігіп шешудің жолдары қарастырылды, жас ғалымдардың түркі жазбаларын зерттеуге деген құлшыныстарын арттыру шаралары қамтылды. Сондай-ақ Түркология ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылды, ғалымдар өз пікірлерін ортаға салды.

«Байырғы түрік бітіг жазуы – ұлт идеясының Мәңгілік өзегі» дөңгелек үстел мәжілісін Бас кеңесші-Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры профессор Қ. Ергөбек жүргізді.

ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Б.Садықов құттықтау сөзбен ашты. Түркі әлемі – адамзат өркениетінің алтын бесігі, түркілердің бай мәдениеті, терең тарихы бар екендігін айта келіп, Түркітану ғылымы зерттелуі, қалыптасуы жағынан өте жас болса да тамыры терең, адамзат тарихына берері мол іргелі ғылым екендігіне баса тоқталды.

Негізгі баяндаманы Тараз инновациялық-инженерлік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы Е.Саурықов жасады. Баяндама тақырыбы: «Ежелгі түркі руникалық жазба ескерткіштері – түркі халықтарының ортақ мұрасы». Баяндамасында Е. Саурықов көне көз жазбаларды тас бетіне түсіріп кеткен түркі қағанатының қайнар көзі, түп-тамыры саналатын ғұндар мен сақтардың этникалық, этнолингвистикалық жағдайына тоқталды. Егемендігімізді алғаннан кейін рухани байлығымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіліміз бен діліміз қайта жаңғырып жатқанда түркітану саласына да көзқарас қайта өзгеріп, ғылымға біршама өзінің жаңа табыстарымен қайта оралды. Қазіргі кезде ежелгі түркі тайпалық одақтары өмір сүрген аймақтардан руникалық жазумен ойылып жазылған үй тұрмысына қажетті заттар, қой тастар табылып жатыр, олардың бойында талай құпиялар сақтаулы. Бұлардың барлығы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің дамуын, өркениеті мен мемлекеттігінің қайнар бастауын ғылыми түрде одан әрі дәлелдей түсуге септігін тигізері сөзсіз екендігін баса айтты.Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері филология ғылымдарының кандидаты О.Бекжан «Көне түркі күл жазба ескерткіштері бойынша тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге қысқаша шолу және түркологияның алдағы міндеттері» деп аталатын баяндамасын оқыды. Баяндамашы тәуелсіздік жылдарында Көне түркі күл жазба ескерткіштері бойынша Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге қысқаша шолу жасады. Соның ішінде Қ.Сартқожаұлының еңбектеріне арнайы тоқталды. Қ.Сарқожаұлының еңбектеріндегі кемшін тұстарға тоқталды, сын пікір айтты. Ежелгі тарихты ашу үшін көне жазба ескерткіштердің мағынасын ашу қажеттілігін, оны тіпті ұлттық-мемлекеттік мүдде деп айту туралы пікірін баса айтты.

Көне түркі күл (руна) жазба ескерткіштерінің бұрынғы зерттелген нұсқаларын текстологиялық тұрғыдан қайта зерттеп, кемшіліктерін түзету қажет. Бірақ тұжырымдар жасағанда ғалымдардың қателесуге қақысы жоқ. Халық алдындағы жауапкершілігін олар терең түсінуі керек екенін ескертті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ш.Бекмағамбетов «Көне түркі әліпбиі және оның пайда болуының дүниетанымдық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.

Негізгі баяндамалар біткен соң сөз алған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері ф.ғ.к. Н.Базылхан, Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Алтаев Ж. өз ойларын ортаға салды.

Н.Базылхан: Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінің ғылыми көшірмесін әкеліп Түркістанға орнату туралы ұсынысын білдірді. Бұған қоса Қ. Ергөбек жалпы Түркі әлемін зерттейтін арнайы орталық құру жөніндегі бастаманы 2009 жылы қазанның 3-де Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев көтерген болатын. «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан, түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. ...түркі тілдес әрбір мемлекет қолдап, атсалысса, көмегін берсе, бұл академияны бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері Түркістанға орналастыруға болар еді», дегенін еске салып өтті. Және Түркі Академиясы Түркістанда ашылмаса да, осы сала бойынша Түркістандағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының да атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етті.

«Түркология» журналы туралы хабардар етті. Импакт-факторлы журналға айналдыру мәселесін ортаға қойып, осы мәселені шешуге бір кісідей ат салысуға шақырды. Қ.Ергөбек дөңгелек үстелді қорытындылап, жиын барысында туындаған бірқатар ұсыныстарды атап өтті:

- Түрколог ғалымдардың басын қосып, зерттеуші ғалымдардың тәжірибелерімен бөлісулеріне, жұмыстарымен танысуларына бір күннің аздық ететінін ескеріп келер жылы осы шараны ұйымдастырушы ҚРМәдениет министрлігі, Тіл комитеті шараны екі күндік етіп ұйымдастыруды қолға алса;

- Түркі жазбасын зерттеуде, осы саладағы жұмыстарды жандандыруда Қазақстандық ғалымдармен шектелмей, шараны халықаралық дәреже статусына көтеру қажет;

- Түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек.

- Түркі тілдес әрбір мемлекет қолдап, атсалысса, көмегін берсе, бұл академияны бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері Түркістанға орналастырса;

- Аталмыш шара дәстүрлі түрде тек Түркістан қаласында өткізіп тұрса.