Smaller Default Larger

«Бизнес биігіне біліммен» кітабының тұсауы кесілді

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында жастар үшін қызықты 100 заманауи кітаптың тізімін әзірлеп, оларды қазақ тіліне аудару қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Бизнес биігіне біліммен» тақырыбында кәсіпкерлерге арналған арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.  

Шараға Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы М.Қожамбек, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Абсаттаров қатысып БАҚ өкілдері мен оқырман сұрақтарына жауап берді.

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы жастарды табыстылық жолына бастайтын, әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастаған болатын. Оның алғашқы бастамасы ретінде, Қызылорда қаласында Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітабы мен Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» және Петер Друкердің «Друкер күнделігі» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, басылып шыққан нұсқасы оқырмандарға таныстырылды. Сонымен қатар «Кіші бизнес үшін 100 жоба» кітабы да жас кәсіпкерлер мен кәсібін бастаймын деушілердің қолына тимек. Аталмыш кітаптардың жас кәсіпкерлерге, өз бизнесін ашуға ниетті жастарға көмегі зор

«Бүгінде облысымызда жеке кәсіп ашамын деушілер мен жас кәсіпкерлердің саны артып келеді. Ал, бізде бизнесті дұрыс жүргізуге көмек беретін қазақ тіліндегі оқулықтар өте аз. Әлемге танымал Питер Друкер, Наполеон Хилл, Бодо Шефер секілді үздік экономисттердің кітаптарын аудару 2011 жылдан бастап қолға алынған болатын. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тікелей мұрындық болуда. Бүгінде игілікті іс жүзеге асып, таратылуда. Біз Астанадан арнайы Қызылорда облысына 1000 дана кітап алдырдық. 100 дана кітапты Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға, 100 данасын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне және Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының «Бизнес мектебіне» келушілерге таратпақпыз»-, деді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров

«Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы жастарды табыстылық жолына бастайтын әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастаған-ды. Оның алғашқы бастамасы ретінде Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітабы мен Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, қолдарыңызға тиіп отыр. Бұл кітапта Н.Хилл оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады. Кітаптың басты құндылығы қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін жоймай, қазіргі қоғамда да табысқа жетуге бастайтын нұсқаушылардың бірі болып қалуында жатыр. Кітап жастарға табысқа жету үшін не істеу керектігін ғана емес, оған қалай жетуге болатындығын да үйретеді. Ал Б.Шефер өз кітабында қалың оқырманға кәсіп құру мен қолда барды сақтаудың, сонымен бірге, табысты еселеп өсірудің құпияларын ашады, дейді Астанадан арнайы келген Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбек. 

Мың данадан аса кітап Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалдарына, «Бизнес мектеп» оқушыларына және жас кәсіпкерлерге тегін таратылмақ. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес біліктілікті арттыратын оқулықтар санының артуына үлес қосуды жалғастыра бермек.