Smaller Default Larger

Кәсіп ашуға ниетті жастар көп

 

Жұмыс барысына келер болсам, ағымдағы жылдың ақпан айында еліміздегі жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша Қауымдастық «АТАМЕКЕН» Одағымен 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойған болатын.

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Рысбекұлы, сұхбатымызды сіз басқарып отырған қауымдастықтың атқарып жатқан жұмыстары жайлы бастасақ.

— Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы 2011 жылы жас кәсіпкерлердің қызметінің дамуына қолайлы жағдай жасау, проблемаларды бірлесіп шешу, жастар кәсіпкерлігін насихаттау, қолдау, дамыту және кәсіпкер болуға ынталы жастарды қолдау мақсатында құрылған.

 Мақсат — қоғамның белсенді мүшесі болып табылатын және экономикасы мықты, әлеуметтік бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру үшін ауқымды әлеуетке ие жастарды кәсіпкерлікке тарту, оларды ынталандыру. Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға жастарға барынша көмек көрсету және жас кәсіпкерлердің өз кәсібін ашуына, жұмысын жасауына мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралар жиынтығын көрсете қол жеткізу;

 Жас кәсіпкерлерді біріктіріп, мемлекеттен қолдаудың қандай түрі және қалай керек екенін анықтап, ұсыныс беру және қайтарым ретінде қоғамға жұмыс жасап, ел дамуына үлес қосу тұғын.

Жұмыс барысына келер болсам, ағымдағы жылдың ақпан айында еліміздегі жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша Қауымдастық «АТАМЕКЕН» Одағымен 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойған болатын. Сол жоспардың аясында жұмыстар жасап келеміз. Бастысы — бизнес-қауымдастықтарының басын біріктірген «Атамекен» Одағын қолдау. Қазіргі таңда Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жастар кәсіпкерлігін дамыту стратегиясын әзірледік, әлемдік бизнес саласындағы әдебиеттерді қазақ тіліне аударуды бастап кеттік, жетістікке жеткен қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлердің лекциясын жүргізудеміз және осы күндері оны Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында өткіздік, өңірлерде өкілдіктерімізді ашып, сол жердегі жастармен және жас кәсіпкерлердің күнделікті шаруаларына қатысты мәселелермен жұмыс жасап келеміз.

 Жалпы, еліміздегі маңызды жобалар мен қабылданып жатқан бағдарламалар-ды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі қандай?

— Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу арқылы әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру бойынша ауқымды міндеттер қойған. Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау керектігін атап өтті.

Ал мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Бизнестің жол картасы бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Демек, жалпы кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды ынталандырудың, қолдау мен дамытудың жаңа тетіктері мен жүйесі жасалатыны анық. Осы кезде кәсіпкерлерді қолдайтын, қорғайтын, дамуына мүмкіндік беретін уақыт талабына сай жақсы шешімдер қабылданса, ол жалпы кәсіпкерлердің, оның ішінде жас кәсіпкерлердің ісінің серпіліп қалуына септігін тигізер еді. Оның үстіне, қазіргі таңдағы еліміздің халықаралық интеграциялануы кезінде кәсіпкерлердің өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше мән берсе, мол мүмкіндіктерге ие болатыны тағы бар. Осы мүмкіндіктерді пайдалану және міндетті орындауда жас кәсіпкерлердің алатын өзіндік орны бар деп санаймын. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол, әрі оның қозғаушы күші десек қателеспейміз.

Жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі ахуалы қалай? Шешімін таппай келе жатқан қандай мәселелер бар?

— Еліміздің экономикалық дамуын қамтама-сыз ету шағын және орта бизнестің жай-күйіне тәуелді екендігін дамыған елдер тәжірибесі көрсетті.

Елбасы жыл сайын Жолдауларында бизнесті қолдау керектігін айтып, тиісті міндеттемелер мен тапсырмаларды беріп келеді және салалық бағдарламалар болсын, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы болсын, тиісті шаралар жүзеге асырылып, көптеген мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Әрине, оның ішінде ішінара жас және бастаушы кәсіпкерлер де қамтылған. Сондықтан ахуал нашар, жағдай мүлдем жасалмаған деп айта алмаймын. Керісінше, қалай болғаны абзал, толық мүмкіндік жасалып жатыр ма дегенге тоқталған дұрыс болар. Меніңше, жас кәсіпкерлер қызметін дамытуға ең бастысы, олардың мәртебесін анықтап, сол арқылы оның қызметін дамытуда ынталандыру сипатқа ие барлық қолдаудың кешенді шаралар жиынтығын анықтап көрсеткен орынды болар еді. Себебі, жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі хал-ахуалын сөз қылғанда, жастар бизнеспен айналысу кезінде қаржылық, ақпараттық, білім, инфрақұрылымдық және басқа да көптеген проблемаларға кезігеді, бірақ мұның бәрі шешімін табатын мәселелер.

Жалпы кәсіпкерлерге жағдай жасалып жатса, жас кәсіпкерлерге ерекше көмек көрсетудің қажеті бар ма?

— Жастар — болашағымыз, сондықтан әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болып келеді.

Шағын және орта бизнес қоғамның негізі болып табылады және оның дамуына барлық қазақстандықтар әлеуеті байланысты. Нақ осы сектор мемлекеттің экономикалық өсімін тежейтін көптеген мәселелерді шешу үшін зор әлеуетке ие. Ал жастар — қоғамның белсенді мүшесі, әрі жас кәсіпкерлер тәжірибе алмасып, өз кәсібін одан әрі жалғастыруға және дамытуға белсенді. Оның үстіне, қазіргі таңда жас кәсіпкерлердің басым көпшілігі экономиканың нақ осы секторында жұмыс жасап келеді. Ал Статистика агенттігінің деректері бойынша 2013 жылдың 1 қаңтарындағы тіркелген 1 387 мың шағын кәсіпкерлік субъектілерінің белсенді жұмыс істейтіні — 631 мың (яғни - 54,5 % құрайды). Белсенді субъектілер қатарына кірмейтіндердің біршамасы нақ осы жас кәсіпкерлер.

Елімізде ел тұрғындарының 26 %-дан астамын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар (4,4 миллион) құрайды, бұл — үлкен әлеует.

Елбасымыз бір сөзінде: «Еңбек етуші халықтың 60 %-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады», — деген еді. Сондықтан дамыған елдердегідей шағын және орта бизнес өнімдерінің үлесі ЖІӨ-ң 50%-дан астамын құрайтын көрсеткішке және біздегі осы секторда жұмыспен қамтылғандардың үлесін 26%-ды көрсеткішке жеткізу қажет-ақ. Ең бастысы, қазіргі таңда өз кәсібін ашуға ниетті жастар көп. Олар өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп, белсенді түрде өз кәсібін ашуға ұмтылуы тиіс.

Сондай-ақ, дамыған елдерде жастар кәсіпкерлігін қолдаудың жүйелі тетігі қалып-тасқан. Біртұтас модельдік саясаты жоқ болса да, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша тәжірибе бар. Мұндай бағдарлама, бағыт-бағдар бізге де керек. Бағдарламалардың қай-қайсысы да бір-біріне ұқсамайды. Ұқсас болуы да міндетті емес деп санаймын.

Бүгінде жастар кәсіпкерлігін жүйелі қолдау үшін стратегия сынды толыққанды құжат, яғни өз кезегінде «жастар кәсіпкерлігінің бизнес жол картасы» қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан мемлекет жастар саясатының бір бағыты ретінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аударуы қажет. Сонда ғана олар «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы міндеттемелерді орындауға өзіндік септігін тигізеді.

Қауымдастықтың алдағы жоспарлары жөнінде айтып өтсеңіз.

— Бастаған жұмыстарымыз Жастар кәсіп-керлігін дамыту стратегиясын, әлемдік бизнес әдебиеттерін қазақ тіліне аудару, жетістікке жеткен кәсіпкерлердің лекциясын, жастар кәсіпкерлігін насихаттау бойынша және басқа да жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Алдағы уақытта жаңа бір жобалардың бастамалары басталады деп ойлаймын.

Газетіміздің оқырмандарына айтар тілегіңіз?

— Әрқашан да мемлекет жастарға қамқор болып, қолдау көрсетіліп отырғанына олар да белсенді түрде атсалысып, үлес қосса, пайдалы боларын айтқым келеді.

Барлық салада жастар белсенді түрде атсалысып, өзінің қандай да бір қолдан келетін көмегі болатын болса, жастар бірігетін болса сол кезде ғана елімізде ойдағыдай дамиды, көркейеді, өседі, өркендейді деп санаймын.

«Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» деген сөз бар еді. Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса дегім келеді. Еліміздің әрбір азаматы бай, қуатты, дені сау болып, бақытты да баянды өмір мен жасап отырған істеріне табыстар тілер едім.

Халқымыз тату, ұлттық мұратымыз биік, еліміз қуатты, болашағымыз баянды болғай!

Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп-көп рақмет! Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

— Сіздерге де рақмет! Әрдайым жағымды әрі пайдалы ақпараттармен халықты қуантып жүре беріңіздер!

http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=56328