Smaller Default Larger

Кәсіпкерлерді қолдайтын, қорғайтын шешімдер қабылданса, бұдан да зор серпіліс жасауға болады

 

Қазақстандағы әкімдер рейтингісінің көш басында тұрған Шығыс Қазақстан облысының басшысы Бердібек Сапарбаев белгілі журналист Шархан Қазығұлдың «Дүбәра дүние» атты кітабына берген сұхбатында: «Қалай дегенде де қазақ – өте бейімделгіш халық. Сооциализм кезінде «теңгермешілік» деген болды. Жұмыс істесең де, істемесең де – бір жалақы. Біз осыған да тез бейімделдік. «Үкімет өлтірмейді» дедік те, жалқаулықтың әдісін алып, әнжісін таптық. Сөйтіп, жетпіс жыл алаңсыз өмір кештік. Ал нарықтық қатынастарға көшкен кезде қазақ не істеді? Бастапқыда абдырағаны рас. Бетін жыртпаса да, нарықтық қатынастың қатал заңына көнгісі келмей, жер тепкілегендер болды. Бірақ, адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қоғам қабылдағанды адам да қабылдауы шарт. Сөйтіп, «тойдан ойға» көшкен жұрт өз бетінше тіршілік жасауға көшті. Елде «ұлы сауда» басталып кетті. Баяғыда бұл жағынан алдына жан салмайтын өзбектер біздің қолымызға су құюға жарамай қалды. Келе-келе Қазақстанда нағыз коммерсанттар шоғыры пайда болды. Тіпті солардың арасынан мықты топ-менеджерлер шыққанын жақсы білемін», - деген екен. 

Дау жоқ, өте дұрыс пікір. Және қуантатыны, сол кешегі коммерсанттар – бүгінгінің мықты кәсіпкерлеріне айналды. Бизнес әлемінде беделі бар, байланысы көп, сөзі жүретін, діңгегі мықты «дөкейлерді» айтпағанда, тың идеялы, жұмыс жүргізудің жаңа әдістерін білетін жас кәсіпкерлер де көбейіп келе жатқаны белгілі. Әрине, олар бірден биік шыңнан көрінбесі анық, бастаған кәсіптері де бүгін-ертең қалталарына толассыз қаржы құя бастайды деп айту қиын. Дегенмен, олардың ынтасы бар, талабы зор. Сол жас кәсіпкерлердің басын біріктіріп отырған «Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы» ұйымының төрағасы Мақсат Қожамбек мырзаға аз-кем сауалдарымызды қойған едік. 

– Мақсат мырза, қауымдастық туралы айтып беріңізші. Бұл қауымдастық жас кәсіпкерлерге қандай пайдасын тигізіп отыр?

– Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы 2011 жылы жас кәсіпкерлер қызметінің дамуына қолайлы жағдай жасау, жастар кәсіпкерлігін насихаттау, қолдау және дамыту мақсатында құрылған, оның ішінде кәсіпкер болуға ынталы жастармен де жұмыс жасау. 

Бұл ретте, жас кәсіпкерлердің мәртебесін Заң жүзінде анықтап, өз кәсібін ашып, жемісті жұмыс істеуі, мемлекеттік қолдау бағытындағы кешенді шараларға қол жеткізуі бойынша жұмыстар жасап келеміз. Осы арқылы еліміздегі барлық жас кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға қол жеткізетін болса, игі еді. 

Қазіргі таңда, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жастар кәсіпкерлігін дамыту стратегиясын әзірледік, әлемдік бизнес саласындағы әдебиеттерді қазақ тіліне аударып шығардық, жетістікке жеткен кәсіпкерлердің лекциясын жүргізудеміз және жас кәсіпкерлердің күнделікті шаруаларына қатысты мәселелерімен жұмыс жасап келеміз.

– Қауымдастыққа кімдер мүше бола алады және Қауымдастық мүшелерінің басым көпшілігі, яғни кәсіпкерлердің көбі бизнестің қай саласында қызмет етіп жүр?

– Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығына жасы 35-тен аспаған кез келген кәсіпкерлікпен айналысып жүрген еліміздің азаматтары мүше бола алады. Негізінен, Қауымдастық мүшелері шағын және орта бизнес өкілдері және олар экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс жасап келеді. Ал басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, кәсіби қызмет көрсету және өзгеде қызмет көрсету салаларында қызмет атқарады. 

– Қазір, өздеріңізге де белгілі Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған біраз бағдарламалар бар. Сіздер сол бағдарламалардан көмек алып көрдіңіздер ме? Жалпы, еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау шаралары көңіліңізден шығады ма?

–Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау керектігін атап өтті. Жалпы, барлық Жолдауларында кәсіпкерлікке ерекше назар аударып келеді. 

Сондықтан, экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер¬лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отырғаны белгілі. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Қауымдастық мүшелері әртүрлі салаларда жұмыс жасағандықтан, тиісті салалық бағдарламалар аясында көрсетіліп отырған қолдауларды алып отыр. Ол кейде толық, кейде ішінара болуы мүмкін. 

Мемлекет басшысы әр Жолдауында бизнесті қолдау керектігін баса айтып, тиісті тараптарға көп міндет жүктеп, нақты тапсырма беріп келеді. Жалпы, салалық бағдарламалар аясында болсын, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында болсын, тиісті жұмыстар жүзеге асырылып, көптеген кәсіп иелері мемлекеттік қолдауды сезініп отыр. 

Демек, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша шаралар атқарылып жатыр және ел экономикасының бүгінгі жетістіктері кеше жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болып табылады деп ойлаймын. 

«Қазақстан-2050» Стратегиясында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жөнінде ауқымды әрі маңызды міндеттер айтылған. Ол міндеттерді еңсеріп, мақсатқа жету үшін әлі көптеген жұмыстарды атқару керектіміз белгілі. Шағын және орта бизнесті мемлекет тарапынан қолдау шараларының аясын әлі де кеңейтуге, жетілдіруге мүмкіндік бар деп санаймын. Себебі, қазіргі таңдағы еліміздің халықаралық интеграциялануы кезінде кәсіпкерлерді қолдайтын, қорғайтын, дамуына мүмкіндік беретін заманауи жақсы шешімдер қабылданса, кәсіпкерлердің ісінің бұдан да зор серпіліс жасауына септігін тигізер еді.

– Мемлекет басшысы жастар үшін қызықты 100 кітаптың тізімін әзірлеп, оларды мемлекеттік тілге аудару қажеттілігін айтқан соң, Сіздердің Қауымдастық өзі бастама танытып, «Шабыт» жобасын қолға алып, танымал еңбектерді аударып, басып шығарыпсыздар. Енді қандай кітаптарды аудару ойда бар?

– Ия, Президент 2012 жылғы Жолдауында жастар үшін қызықты 100 заманауи кітаптың тізімін әзірлеп, оларды қазақ тіліне аудару қажеттігін атап өткен болатын. 

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы жастарды табысқа бастайтын әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастаған болатын. Жоба аясында Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы», Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» және Питер Друкердің «Друкер күнделігі» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне басылып шықты және аталған кітаптар кітапханаларға, жас кәсіпкерлерге тегін таратылып жатыр. Осылайша, Жолдауда айтылған осы міндеттің орындалуына өзіміздің үлесімізді қосып отырмыз және кәсіпкерлік рухты қалыптастыру үшін жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап келеміз. Ал алдағы аудармаларымызға келетін болсақ, «біткен іске сыншы көп» демекші, басталар іске сын одан да көп айтылады. Сондықтан, аудармалар дайын болған кезде айтқаным жөн деп ойлаймын. Ол күндерде келеді. 

– Сіздер кітап аударуға арнайы байқау жариялайсыздар ма, әлде арнайы аудармашыларды жұмысқа қабылданыңыздар ма? 

– Байқау жарияланған жоқ. Аударма саласының тиісті білікті мамандарымен жұмыс жасап жатырмыз. Белгіленіп қойған жүйе емес. 

– Елбасының биылғы Жолдауы да көп нәрсені қамтыған тағы бір үлкен Стратегиялық құжат болды. Кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамытуға Елбасы биыл да назар аударып өтті. «Жолдау – кәсіпкерлікті нақты қолдау» деген кішігірім ұран да шығыпты. Жалпы, Президент Жолдауы, соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы ойыңызды айтып өтіңізші.

– Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бизнеске ерекше назар аударып келеді. Ал «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керектігін, шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс деп атап өткен болатын. 

Осыған орай, кәсіпкерлік сала¬сын дамыту бойынша тиісті шаралар қабылданатыны және отандық кәсіпкерлерді қолдаудың тетіктері жетілдірілетіні анық. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және басқада салалық бағдарламалар арқылы тиісті шаралар қабылданып, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бойынша жұмыстар қолға алынуда.

Дегенмен, еліміздің мүмкіндігіне қарай кәсіпкерлерге әлі де мол жағдайлар жасауға болады. Егер бизнеске неғұрлым қолайлы орта қалыптастырылса, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз соғұрлым жақсы болмақ.

– Мақсат мырза, маман ретінде өзіңізге бұл сұрақты қойып, пікіріңізді білмегенім жарамас. Жалпы, кәсіпкерлік деген сөздің түбірі «кәсіп», яғни, еңбектену, бір нәрсені кәсіпке айналдырып, күнін көру дегенді айқындап беріп тұр ғой. Бірақ, өкінішке қарай, біздің көп жастар кәсіпкерлікті қаржы жүйесіндегі басқа дүниелермен шатастырып алып жатады. Әсіресе, қаржы пирамидаларының құрбанына айналған замандастарымыз қаншама!? «Кьюнет» деген бір компанияның өзі қаншама жап-жас қыз-жігіттердің ақшасын қалтасына басты. Тіпті, ауылдағы ата-анасына жалғыз сиырын сатқызып, осы Кьюнетке қосылғандар бар. Қаржы пирамидаларының қалай жұмыс істейтінін, олардың негізгі мақсаттарын менен артық білесіз ғой. Жастарымызға, іні-бауырларыңызға ақыл-кеңесіңізді айтыңызшы, қаржы пирамидаларынан қалай сақтану керек? Қаржы пирамидаларының жұмысы заңға да, ар-намыс заңдылықтарына да, сайып келгенде асыл дініміз исламдағы өсімқорлық жасамау, біреудің мүлкін иеленбеу түсініктеріне де қайшы екенін айтыңызшы? 

– Менің айтарым, уақыт пен ерік-жігерін сарп ете отырып, «жеңіл жолмен қаржы табасың» деп көптеген азаматтарды алдайтын мұндай қаржы пирамидаларынан сақтану керек. Пайдасыз нәрселермен айналыспай, адал кәсіппен айналысқан жөн. Сондықтан, халық шаруашылығының әртүрлі салаларындағы жұмыстарды атқарып, болмаса жеке кәсібін ашып бай, қуатты, дені сау болып, бақытты да баянды өмір сүру үшін табысқа жетудің жолын іздеген орынды. Ол үшін жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттау, жетістікке жеткен кәсіпкер арқылы кәсіпкерлік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру қажет. Себебі, еліміздің жарқын болашағы тұрақты қоғамның негізі болып табылатын шағын және орта бизнестің дамыған деңгейіне байланысты. 

– Жас кәсіпкерлердің басын қосып отырған Қауымдастық ретінде кәсіппен айналысқысы келетін жастармен кездесу өткізіп, жоғарыдағыдай қауіпті мәселелерді талқылап тұрасыздар ма? 

– Қауымдастықтың негізгі мақсаты жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыру, біреуге масыл болмай, өз алдына еңбек етуі үшін жастарға барынша көмек көрсету. Осылайша, экономикасы мықты, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру үшін қоғамның белсенді мүшесі, ерік-жігері мықты жастарды кәсіпкерлікке тарту. Әрине, үнемі пайдалы, дұрыс жұмыс жасауға үгіттейміз.

– Әлем бойынша кәсіпті бастауға ең қолайлы елдер қайсы? Қазақстан олардың қатарына қосылып тұр ма?

– Жыл сайын әртүрлі басылымдарда бизнес үшін қолайлы елдердің рейтингісі анықталып жатады. Мұндай рейтингтерді анықтауда баға саясатының тұрақтылығы, салықтардың пайызы, мемлекеттің бизнеске әсері және басқа да бизнеске қолайлы орта қалыптастыратын маңызды параметрлер арқылы талданып отырады. 

Бизнеске қолайлы елдердің алғашқы қатарына Ирландия, Дания, Жаңа Зеландия, Сингапур, Гонконг, Канада және басқада елдер жатады. Бұл елдерде жемқорлық деңгейі өте төмен, технологиялық даму деңгейі өте жоғары, инвесторлар мүдделері қорғалған, әкімшілік жүктемелер төмен, жалпы кәсіпкерлерді қолдай отырып, қолайлы ортаны қалыптастырған елдер. 

Елімізге келер болсақ, бұл бағытта жұмыстар жасалып келеді. Бірақ та, мұндай елдердің қатарынна, болмаса, алғашқы 10 елдің қатарына ену үшін әлі көп жұмыстар жасауымыз қажет. Салық жүктемесін төмендету, сыбайлас жемқорлықты азайту, отандық және шетел инвесторларына түсетін әкімшілік жүктемені төмендету, мемлекет пен бизнес мүдделерін теңгеру, реттеуіш құралдардың негізділігі мен тиімділігін арттыру және басқа да кәсіпкерлікті дамыту үшін кедергілерді барынша жою қажет. 

– Соңғы сауалымды Сізге қауымдастық төрағасы емес, жалпы, Қазақстан елінің бір азаматы ретінде қойғым келіп отыр. Президенттің «Қазақстан» атауын «Қазақ еліне» өзгерту туралы ұсынысын қолдайсыз ба? 

– Бұл ұсынысты қолдаймын. Бірақ, менің пікірімді есепке алатын болса, бұған балама ретінде Қазақия атауын да ұсынар едім.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ