Smaller Default Larger

Мақсат Қожамбек: "Кәсіп ашуға ниетті жастар көп"

 

Елімізде жас мемлекет, ел тұрғындарының 26 %-дан астамын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар - 4,4 миллион, яғни, бұл деген үлкен әлеует, шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндіктердің бар екендігін көрсетеді.

 – Мақсат Рысбекұлы, сұхбатымызды сіз басқарып отырған қауымдастықтың атқарып жатқан жұмыстары жайлы бастасақ?

МР: Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы 2011 жылы жас кәсіпкерлердің қызметінің дамуына қолайлы жағдай жасау, проблемаларды бірлесіп шешу, жастар кәсіпкерлігін насихаттау, қолдау және дамыту және кәсіпкер болуға ынталы жастардың қолдау мақсатында құрылған.

Яғни, қоғамның белсенді мүшесі болып табылатын және экономикасы мықты, әлеуметтік бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру үшін ауқымды әлеуетке ие жастарды кәсіпкерлікке тарту, оларды ынталандыру.

Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға, масыл болмау үшін жастарға барынша көмек көрсету және жас кәсіпкерлердің мәртебесін анықтап өз кәсібін ашуға, жұмысын жасауына мемлекеттік қолдаулардың кешенді шаралар жиынтығын анықтап көрсетілуіне қол жеткізу.

Осылайша, жас кәсіпкерлерді біріктіріп мемлекеттен қолдаулардың қандай түрі және қалай керек екенін анықтап ұсыныс беру әрі қол жеткізу және қайтарымы ретінде қоғамға жұмыс жасап, ел дамуына үлес қосу.

Жұмыс барысына келер болсам, ағымдағы жылдың ақпан айында еліміздегі жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша Қауымдастық «АТАМЕКЕН» Одағымен 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылған болатын. Сол жоспардың аясында жұмыстар жасап келеміз. Бастысы, бизнес-қауымдастықтарының басын біріктірген «Атамекен» Одағының қолдауы.

Қазіргі таңда, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жастар кәсіпкерлігін дамыту стратегиясын әзірледік, әлемдік бизнес саласындағы әдебиеттерді қазақ тіліне аударуды бастап кеттік, жетістікке жеткен қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлердің лекциясын жүргізудеміз және осы күндері Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында өткіздік, өңірлерде өкілдіктерімізді ашып, сол жердегі жастармен және жас кәсіпкерлердің күнделікті шаруаларына қатысты мәселелерімен жұмыс жасап келеміз.

– Жалпы, еліміздегі маңызды жобалар мен қабылданып жатқан бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі қандай?

МР: Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу арқылы әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге  ауқымды міндеттер қояды.

Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау керектігін атап өтті.

Ал, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отырғаны белгілі. Бизнестің жол картасы бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Демек, жалпы кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды ынталандырудың, қолдау мен дамытудың жаңа тетіктері мен жүйесі жасалатыны анық.

Осы кезде кәсіпкерлерді қолдайтын, қорғайтын, дамуына мүмкіндік беретін уақыт талабына сай жақсы шешімдер қабылданса, жалпы кәсіпкерлердің, оның ішінде жас кәсіпкерлердің ісінің тағы серпіліп қалуына септігін тигізер еді.

Оның үстіне, қазіргі таңдағы еліміздің халықаралық интеграциялануы кезінде кәсіпкерлердің өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше мән берсе мол мүмкіндіктерге ие болатыны тағы бар.

Осы мүмкіндіктерді пайдалану және міндетті орындауда жас кәсіпкерлердің алатын өзіндік орны бар деп санаймын.

Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол, әрі оның қозғаушы күші десек қателеспейміз.

Қоғамдағы азаматтардың әрбірі өмірлік іс-әрекеттің әртүрлі саласының маңызды өкілі деп санаймын және арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болып, ортақ мүдде жолында барлық тарап бірігіп қимылдаса қолда бар мүмкіндікті одан әрі кеңейтуге жол ашылады.

– Жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі ахуалы қалай? Шешімін таппай келе жатқан қандай мәселелер бар?

МР: Еліміздің экономикалық дамуын қамтамасыз ету шағын және орта бизнестің жай-күйіне тәуелді екендігі дамыған елдер тәжірибесі көрсетті.

Бұл ретте, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отырғаны белгілі.

Елбасы жыл сайын жолдауларында бизнесті қолдау керектігін айтып, тиісті міндеттемелер мен тапсырмаларды беріп келеді және салалық бағдарламалар болсын, “Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы болсын тиісті шаралар жүзеге асырылып көптеген мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Әрине, оның ішінде ішінара жас және бастаушы кәсіпкерлер де қамтылған.

Сондықтан, ахуалы нашар, жағдай мүлдем жасалмаған деп айта алмаймын. Керісінше, қалай болғаны абзал, толық мүмкіндік жасалып жатыр ма дегенге тоқталған дұрыс болар. Пайдасы қайсы?

Меніңше, жас кәсіпкерлер қызметін дамытуға ең бастысы, олардың мәртебесін анықтап, жалпы осы арқылы қызметін дамытуда ынталандыру сипатқа ие барлық қолдаулардың кешенді шаралар жиынтығы анықтап көрсетілуі орынды болар еді. Себебі, жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі хал-ахуалын сөз қылғанда, жастар бизнеспен айналысу кезінде қаржылық, ақпараттық, білім, инфрақұрылымдық және басқа да осы секілді көптеген проблемаларға кезігеді, бірақ мұның бәрі шешімін табатын мәселелер.

– Жалпы кәсіпкерлерге жағдайлар жасалып жатқан болса жас кәсіпкерлерге ерекшелеп көмек көрсету қажеттілігі қандай?

МР: Жастар – бұл болашағымыз және сондықтан да әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болып келді.

Шағын және орта бизнес тұрақты қоғамның негізі болып табылады және оның дамуынан барлық қазақстандықтар әлеуетінің байланысты екендігі белгілі.

Нақ осы сектор мемлекеттің экономикалық өсімін тежейтін көптеген мәселелерді шешу үшін зор әлеуетке ие. Ал, жастар қоғамның белсенді мүшесі, әрі жас кәсіпкерлер тәжірибе алмасып, өз кәсібін одан әрі жалғастыруға және дамытуға белсенді. Оның үстіне, қазіргі таңда жас кәсіпкерлердің басым көпшілігі экономиканың нақ осы секторында жұмыс жасап та келеді.

Ал, Статистика агенттігігің деректері бойынша 2013 жылғы 1 қаңтарындағы тіркелген - 1 387 мың шағын кәсіпкерлік субъектілерінің белсенді жұмыс істейтіні - 631 мың, яғни белсенді субъектілерінің үлесі - 54,5 % құрайды. Белсенді субъектілер қатарына кірмейтіндердің біршамасы нақ осы жас кәсіпкерлер.

Елімізде жас мемлекет, ел тұрғындарының 26 %-дан астамын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар - 4,4 миллион, яғни, бұл деген үлкен әлеует, шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндіктердің бар екендігін көрсетеді.

Өздеріңізге белгілі болар, Елбасымыз бір сөзінде «... Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады...» - деген еді.

Сондықтан, дамыған елдердегідей шағын және орта бизнес өнімдерінің үлесі ЖІӨ-ң 50%-дан астамын құрайтын көрсеткішке және біздегі осы секторда жұмыспен қамтылғандардың үлесі 26%-дық құрайтын көрсеткішін дамыған мемлекеттер көрсеткіштеріне қол жеткізу қажет-ақ.

Ең бастысы, қазіргі таңда өз кәсібін ашуға ниетті жастар көп. Ол үшін жастар өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп, белсенді түрде өз кәсібін ашуға ұмтылуы тиіс.

Бұл деген қолдағы бар мүмкіндікті пайдалану. Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, «жас кәсіпкер» мәртебесін анықтап өз кәсібін ашуға қолдаулардың жиынтығын анықтап көрсетілуі керектігінің мәнісі осы еді.

Сондай-ақ, дамыған елдерде жастар кәсіпкерлігін қолдаудың жүйелі тетігі қалыптасқан. Біртұтас модельдік саясаты жоқ болса да, ең бастысы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша тәжірибенің бар болуы. Олай болсада мұндай бағдарлама, бағыт-бағдар бізге де керек. Бағдарламалардың қай-қайсысын алсақ та бір-біріне ұқсамайды. Ұқсас болуы да міндетті емес деп санаймын.

Осы ретте, тобықтай түйін ретінде айтқым келетіні, жастар кәсіпкерлігін жүйелі қолдау үшін стратегия сынды толыққанды құжат, яғни өз кезегінде «жастар кәсіпкерлігінің бизнес жол картасы» қажет екеніне көзіміз жетіп отыр.

Сондықтан, мемлекет жастар саясатының бір бағыты ретінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аударуы қажет.

Сонда ғана, «Қазақстан-2050» Стратегиядағы міндеттемелерді орындауға өзіндік септігін тигізері анық.

– Қауымдастықтың алдағы жоспарлары жөнінде айтып өтсеңіз?

МР: Алдағы сұрақтарыңызда Қауымдастықтың осы жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылған атап өткен болатынмын, сол жоспардың аясында жұмыстар жасап келеміз. Нәтижесін белгілі болғанда сол уақыттары тағы да айта жатармын, уақыт деген жел қайық өтеді де кетеді.

Осы ретте, атап айтқым келетіні «Атамекен» Одағының қолдауына ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар, бастаған жұмыстарымыз Жастар кәсіпкерлігін дамыту стратегиясын, әлемдік бизнес әдебиеттерді қазақ тіліне аудару, жетістікке жеткен кәсіпкерлердің лекциясын, жастар кәсіпкерлігін насихаттау бойынша және басқа да жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз.

Алдағы уақытта жаңа бір жобалардың бастамалары басталады деп ойлаймын.

– Оқырмандарымызға айтар тілегіңіз?

МР: Әрқашан да мемлекеттік жастарға қамқор болып қолдаулар көрсетіліп отырғанына олар да белсенді түрде атсалысып, үлес қосса, пайдалы боларын айтқым келеді.

Барлық салада жастар белсенді түрде атсалысып, өзінің қандай да бір қолдан келетін көмегі болатын болса, жастар бірігетін болса, сол кезде ғана елімізде ойдағыдай дамиды, көркейеді, өседі, өркендейді деп санаймын.

Қанатты сөз бар еді, әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол, болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса дегім келеді. Еліміздің әрбір азаматы бай, қуатты, дені сау болып бақытты да баянды өмір мен жасап отырған істеріне табыстар тілер едім.

Халқымыз тату, ұлттық мұратымыз биік, еліміз қуатты, болашағымыз баянды болғай!

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп-көп рахмет! Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

МР: Сіздерге де рахмет. Әрдайым жағымды әрі пайдалы ақпараттармен халықты қуантып жүре беріңіздер!

Сұхбаттасқан: Ұлдар-Ай Батырқызы