Smaller Default Larger

Қаржылық тәуелсіздікке жол

 

2013 жылғы 10 қазанда  Астана қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының бастауымен «Шабыт» жобасының шеңберінде алғаш рет қазақ тіліне аударылған әлемге әйгілі жазушы-тренерлер Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» және Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты кітаптарының тұсаукесері өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә. Назарбаев  2012 жылғы     14 желтоқсандағы Жолдауында жастар үшін қызықты 100 заманауи кітаптың тізімін әзірлеп, оларды қазақ тіліне аудару қажеттігін атап өткен болатын. 

Осыған орай, Қазақстанның жас  кәсіпкерлері қауымдастығы жастарды табыстылық жолына бастайтын әлемдік деңгейдегі  кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастады. Оның алғашқы бастамасы ретінде, бүгін Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітабы мен Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, басылып шықты.

Бұл кітапта Наполеон Хилл оқырманына жетістік құпиясын ашады және іс-әрекеттер жоспарын ұсынады. Кітаптың  басты құндылығы қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін жоймай, қазіргі қоғамда да табысқа жетуге бастайтын  нұсқаушылардың бірегейі болып қалуында жатыр. Кітап жастарға табысқа жету үшін не істеу керектігін ғана емес, оған қалай жетуге болатындығын да үйретеді. Сондықтан да бұл кітап жетістікке жетуге жол іздегендер үшін таптырмас құрал болып табылады.

Ал Бодо Шефер өз кітабында қалың оқырманға кәсіп құрудың, қолда барды сақтаудың және табысты еселеп өсірудің құпияларын ашады. Қарапайым ғана әдістерді қолданып қаржылық тәуелсіздікке жетудің жолдарын ұсынады.

Аталған тұсаукесер шарасына «Атамекен Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы төрағасының бірінші орынбасары Рақым Ошақбаев, «Атамекен» Одағы» ҰЭП басқарушы директоры Дінмұхамед Әбсаттаров, Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы  Мақсат Қожамбек, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес құрылым, жастар ұйымдардың өкілдері және жас кәсіпкерлер қатысты.   

Кітаптар пресс – конференцияның барлық  қатысушыларына таратылды. 

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы аталған кітапты жоғары оқу орындарына, ауыл кітапханаларына және басқа да жас кәсіпкерлерге тегін таратуды жоспарлап отыр.