Smaller Default Larger

«Мемлекеттік тіл – менің тілім» республикалық форумы

     ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» республикалық форумы 2014 жылдың 22-23 қыркүйегінде Шымкент қаласында өткізілді.

    Форумды өткізудің мақсаты республикадағы мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастарына, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, тіл татулықтың, достықтың тетігі, тәрбиенің көзі, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру болып табылады.

    Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ОҚО-ның басшылары, өңірдің құрметті азаматтары және республика бойынша мемлекеттік тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметтегі этнос жастары арнайы қатысты.

    Форум барысында қазақ тілінің бұдан әрі дамуының өзекті мәселелері талқыланып, Қазақстан жастарын отансүйгіштікке, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға тәрбиелеу бойынша ұсынымдар берілді.

    Форум қатысушыларының барша қазақстандықтарға арналған үндеуі қабылданды.

    Форум жұмысы ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Б.Садықовтың құттықтау сөзімен ашылды.

    Форум барысында салтанатты жиын, концерттік бағдарлама және өңірдің тарихи-мәдени орындарына экскурсия ұйымдастырылды.