Smaller Default Larger

Шет елдерде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі өткізіледі


  Ағымдағы жылғы 3-4 қазан аралығында Алматы қаласында Қазақстан  Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырумен шет елдерде тұратын отандастарымыздың халықаралық өнер фестивалі өткізіледі.

  Қазіргі таңда алыс-жақын шет елдерде бес миллионнан астап қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Отандастарымыз арасында тұрақты байланыс орнатып, олардың ұлттық ерекшеліктерін ұмытпауына жағдай жасау мақсатында 1992 жылы Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылған. Сол уақыттан бері отандастарымыз арасында мәдениет, спорт және тағы да басқа бағыттағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Ағымдағы жылы үшінші рет ұйымдастырылып отырған халқыаралық өнер фестивалі де сол жұмыстардың айқын көрінісі деп айтуға болады.

  Фестивальдің негізгі мақсаты  шетелде тұратын қандастарымызбен мәдениет және руханият, сондай-ақ білім салаларындағы байланысты дамытып, олардың ұлттық әлеуетін арттыруды көздейтін мәдени-танымдық және ақпараттық-насихаттық сипатқа ие халықаралық өнер фестивалін ұйымдастыру болып табылады. 

  Фестиваль аясында жазба ақындар мүшәйрасы,термешілер сайысы, суретшілер көрмесі және тағы да басқа іс-шаралар өткізу жоспарланған. Фестивалдің басты ерекшелігі жоғарыда аталған конкурстарға тек ғана шет елдерде тұратын отандастарымыздың қатысуында болып тұр. Өйткені, олар атажұртынан алыста болғанымен ана тілін ұмытпай, ұлттық өнерді ұлықтап жүргені барлық қазақстандықтарға өнеге бола алады. Шет елдердегі қандастарымыздың шығармалары мен өнерлеріндегі туған жерге деген сағыныштары фестивалді айшықтай түседі.

  Фестивальге қатысушы өнерпаздармен бірге, шет елдердегі қазақ диаспораларының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, танымал ақын, жазушылар қатысады деп күтілуде. Жүз елуге жуық фестивалдің қатысушылары мен қонақтары Алматы қаласын 3-4 қазан күндері ұлттық өнердің ұлағатты ордасын айналдырады.

  Бұдан басқа, Құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі М. А. Құл-Мұхаммедтің құттықтау баяндамасы, сондай-ақ, еліміздің дәстүрлі өнері шеберлері және танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен қорытынды гала концерті жоспарланған. 

Өтетін мерзімі:     2013 жылғы  3-4 қазан, сағат 10.00 (тіркеу – 9.00)

Өтетін орны:         Алматы қаласы, Абылайхан көшесі 38,  Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының концерт залы.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы

БАҚ байланыс: Адилова Меруерт  8(7172) 39-07-20; 8 778 187 2671; 

This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.